«Үш адамды күйік шалды»: Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында кұрғақ шөп өртеніп жатыр
18 адам, оның ішінде 8 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының маңында құрғақ шөп өртке оранды. Өрт орнына орман шаруашылығының, ТЖД күштері мен құралдары және ерікті өртке қарсы құралымдар дереу жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Шақыру орнына келген кезде алдын ала 40 гектар алқапта жану байқалды. Өртті сөндіру барысында өңірдің ТЖД екі қызметкері және өртке қарсы құрылымның ерікті бір қызметкері күйік алды. Олар аудандық ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағында өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғынды Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізді. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол жеңіл күйік алған», - делінген хабарламада.
Күндіз дала өрті Павлодар облысының шекарасынан «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» ормансыз аумағына көшті. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» тікұшақтары барды. Тікұшақпен өрт ошақтарына 6 рет жалпы көлемі 18 тонна су төгілді.
Сондай-ақ аэровизуалды барлау барысында Желтау кентінің тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Қауіпсіз жерге 18 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланды.
«ҚР ТЖМ Командалық орталығында рнайы штаб жұмыс істеуде. ТЖ вице-министр Еран Нұрпейісов өрт орнында. Қарағанды облысының әкімі де оқиға орнына барды. Құтқарушылар тобы қосымша күштер мен құралдармен толықтырылды. Өрт орнында Қарағанды және Павлодар облыстарынан ТЖД, ЖАО, ЭТРМ күштері жұмылдырылды: жеке құрамнан 183 адам, 56 бірлік техника және 4 тікұшақ. Өртке оранған аумақ 3000 гектардан асты», - делінген хабарламада.
Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатуда.