«Ата-анасы жауап береді»: СҚО-да сыныптасын пышақтаған жасөспірім үйге жіберілді

Azattyq Rýhy

Жанжалдың себебі неде екенін қазір полиция қызметкерлері анықтап жатыр

«Ата-анасы жауап береді»: СҚО-да сыныптасын пышақтаған жасөспірім үйге жіберілді
Фото: depositphotos.com

СҚО-да кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған резонанстық жағдайға полицейлер түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға төртінші қазан жұма күні таңғы сағат 10 шамасында Тимирязев ауданы Ақжан ауылында болған. Жанжалдың себебі неде екенін қазір полиция қызметкерлері анықтап жатыр.

«Кәмелетке толмаған күдікті анықталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ата-анасының кепілгерлігімен босатылды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр», - деп түсіндірді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

 Ведомство құқық бұзушының жасын ескере отырып, полиция қызметкерлері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ата-аналарды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Сонымен қатар, жасөспірім профилактикалық есепке алынады. Сондай-ақ, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді», - деді полиция департаменті.

Аудандық білім бөлімінің түсініктемесінде екі жасөспірім де есепте тұрмағанын айтты. Оқушылардың отбасыларында еш мәселе жоқ. Зардап шеккен жас жігіт аудандық аурухананың хирургия бөлімінде.

Бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасында хабарланғандай, жасөспірімнің оң иығында тесілген және кесілген жара бар. Оған ота жасалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.