$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.05.2020, 18:58
Оқиғалар

«Артық қылам деп тыртық қылды» - Мақтааралдағы мешіт имамы видео түсіріп таратқандарға сәлем айтты

Блогермен сұхбат

«Артық қылам деп тыртық қылды» - Мақтааралдағы мешіт имамы видео түсіріп таратқандарға сәлем айтты

Azattyq Ryhy қазір Мақтаарал ауданына барып, су басқан ауылдардың жағдайымен танысып жүрген блогер Алмас Тоқабаевпен тікелей эфирде сұхбаттасты. Ол апат болған өңірде өзі байқаған бірнеше қызық детальға тоқталды. Жер-жерден келіп жатқан гуманитарлық көмекті заңсыз алмақ болған азаматты да байқағанын айтты.

«Он шақты күн гуманитарлық көмек алып жүрген дейді. Адамдар сұрап, түрі бөтен болғасын күдіктеніп, тексерсе, су шайған емес, басқа ауылдың тұрғыны болып шыққан. Бірақ мұны жаппай құбылыс деп айтуға болмайды. Мұндай жағдай орын алған себебі – түрлі қалалардан Тараздан, Қызылорда, Шымкенттен көмектесемін деген адамдар келеді де, «Сен қай ауылдансың, су басқан елді мекенненсің бе?» деп бір ауыз сұрап, қолдарына ақша ұстатып кетеді. Ар жағын тексере бермейді. Қайырымдылық жасағандар өздерін де таныстырмайды. Осы жерден мен оңтүстіктің бауырмалдылығын байқадым», - деді А.Тоқабаев.

Бір айта кетері Үкіметтің қаржылай көмегі қолма-қол емес, құжат арқылы үлестіріледі. Сондықтан оны алаяқтар пайдаланып кете алмайды. Оның сөзінше, елдің түкпір-түкпірінен келіп жатқан гуманитарлық көмек көлемі өте көп.

«Қоймаларды көрдім. Тамақ, киім жеткілікті. Шашылып жатқан жоқ, тәртіппен үлестіріліп жатыр. Артылған азық-түлікті тұрғындар үйлеріне оралған соң теңдей бөліп бермек. Полиция блок-постпен ауылды жауып қойған. Су басқан үйлерге тұрғындар мекен-жайын анықтамасын алып, рұқсатпен, ТЖ қызметкерлерімен ғана кіріп шығады. Себебі морадерлық әрекеттер болуы мүмкін», - деді бұл жайлы блогер.

Алмас өзі аралаған ауылдарда, тіпті елдегі карантинді ескермесек те, маскасыз жүру мүмкін емес екенін айтады. Себебі, малдың өлексесі шашылып жатыр.

«Малдың, иттің өлекселері жатыр. Қоқыс, мал өлігі Өзбекстаннан да ағып келген. Бұл антисанитария болғандықтан ветеринариялық қызметкерлер жинап жүр. Фердоуси тұрғындары мал шығыны туралы айтпады, көбі егіншілікпен айналысатын көрінеді. Жеңіс ауылының тұрғындары ұсақ-түйек болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай мал шығыны жоқ екенін жеткізді», - деп пікір айтты А.Тоқабаев.

Блогер басында «ауылда мүлдем көмек көрсетілмей жатыр» деген мазмұндағы ақпаратты тұрғындар емес, сырттағы азаматтар таратқан деген ойда.

«Бұл жерге келмеген, аяғын аттап баспаған адамдар арандату жасайтынын байқадым. Ал ауылдың өз тұрғындары әлеуметтік желіге қарамайды. Бұл жерде өз ақсақалдары құратын Whatsapp чаттар өзара талқылайды. Ал сыртта мүлдем басқа ақпарат тарататын жағдайлар болады. Мысалы, кеше салынып жатқан үйлердің шаршы метрін қысқартыпты деген ақпарат шыққан соң бізге өлшетті. Бәрі орнында екен. Негізі арандатушылар сыртта», - деп айтты ол.

А.Тоқабаев суреті желіде тарап кеткен мешітке барып, наиб-имаммен де сөйлескен.

«Мешіттің наиб имамымен сөйлестім. Сөйтсек, бұл мешітті бір метрдей биіктеу қылып салған екен. Сондықтан үйлерге су кеудеден келетіндей көлемде кірсе, оған белден келетіндей кірген. Едендерін шайған. Наиб-имам «Сол видеоны шығарған адамдар нағыз мұсылмандарды мазақ қылды. Біз сол үшін ренжуліміз. Артық қылам деп тыртық қылды. Алланың құдіреті дәлелдеуді қажет етпейді.  Елдің бәріне көрсетіп, асыл дініміздің қасиетін кетірді» деп сәлем айтты», - деп жеткізді А.Тоқабаев.

Еске салсақ, Мақтаарал ауданы, Өргебас ауылындағы мешітті тасқын кезінде су алмағаны жайында кейбір желі қолданушылары мен БАҚ ақпарат таратқан болатын. Олар мұны «құдайдың құдіретіне балап, бұл адамдарға ескерту» деген еді.  

Ақпарат үшін: 1 мамырда Өзбекстанның Сардоба су қоймасында апат болып, шекаралас Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекенді су басып қалды. Жеңіс, Өргебас, Достық, Жаңатұрмыс, Фирдоуси ауылдарынан жалпы 31 мың азамат қауіпсіз аймаққа шығарылған болатын.

Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі видеодан көре аласыз.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары