«Корея аруы» байқауына қатысқан 81 жастағы әжей қарттарға үлгі көрсетті

Темірхан Айжан

Зейнеткер 70 жасына дейін ауруханада жұмыс істеген

«Корея аруы» байқауына қатысқан 81 жастағы әжей қарттарға үлгі көрсетті
Фото: AP/Lee Jin-man

81 жастағы қарт әйел «Мисс Корея» сұлулық байқауына қатысты. Ол жас қарсыластарын жеңе алмаса да, ең сәнді көйлектің иесі деген атақ алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

AP-дің жазуынша, өткен дүйсенбіде Сеулдегі қонақ үйлердің бірінде өткен «Мисс Корея» байқауында моншақтармен көмкерілген ақ көйлегі мен аппақ шашы үйлесім тапқан Чхве Сун Хва сахнаға шықты. Ол қыркүйектің басында осы байқаудың 31 финалисінің қатарына енген. Зейнеткердің сөзінше, адам баласы қай жаста болсын, өзі қалаған іспен айналысып, содан ләззат ала алады.

«Адамдар маған қарап, өзіне ұнайтын істі тауып, іске асырып, арманына жету үшін батыл қадамға барып, сау әрі бақытты ғұмыр кешуге болатынын түсінсе деймін», - дейді ол.

Бір жыл бұрын «Әлем аруы» байқауына 18 бен 28 жас аралығындағы сұлулар қатыса алатын. Сондықтан Чхвеның конкурсқа қатысуға мүмкіндігі болмады. Алайда жас шектеуі биыл жойылды. Корейлер сонымен бірге, су киімімен сахнаға шығу, білімі, бойының биіктігі, шет тілдерін білу сияқты бірнеше талапты байқаудан алып тастаған.

Биыл қарашада Мехикода өтетін жаһан сұлуларының байқауына Кореядан 22 жастағы студент Хан Ариел аттанады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.