«Тауда адасып кеткен»: Жетісу облысында Латвиядан келген туристер құтқарылды
Ерлі-зайыптылар қауіпсіз жерге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілді
Жетісу облысында тауда адасып кеткен латвиялық екі турист құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жетісу облыстық ПД мәліметінше, Латвиядан келген ерлі-зайыптылар Кербұлақ ауданындағы Ақтау тауларында адасып кеткен. Ерлі-зайыптылардың Қазақстанға туристік визамен 25 қыркүйекте Алтын Емел ұлттық қорығындағы тау жотасына бару үшін келгені белгілі болды.
«Ерлі-зайыптылар кездейсоқ негізгі топтан артта қалып, байланысын жоғалтты. Іздестіру шараларына Кербұлақ аудандық полициясы мен облыстық департамент қызметкерлері, сондай-ақ ТЖД құтқарушылары, еріктілер мен орманшылар тартылды. Іздеуде тікұшақ пен дрондар пайдаланылды»,-деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жоғалған туристер Басши ауылынан 44 шақырым жерде табылды. Ерлі-зайыптылар қауіпсіз жерге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілді.
Құтқарылған шетелдіктер оларды іздеуге қатысқандардың барлығына алғыстарын білдіріп, қазақстандық іздеушілердің жоғары кәсібилігін атап өтті.