«Жүрек тұсым ауырып тұр»: подполковник Аягөзде көз жұмған офицер туралы өз нұсқасын айтты
Оның сөзінше, офицер гарнизонға ауысып келгенде оған баc-аяғы 770 мың теңге берілген
Аягөз гарнизонында қызмет атқаратын подполковник Бақыт Қашқынбаев офицер Нұрсұлтан Алдамұратовтың өлімі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
19 қыркүйекте Нұрсұлтан Алдамұратовтың әскери бөлімдегі пәтерде турникте асылып тұрғанын ең алғаш болып бірге тұратын екі лейтенант көрген. Олар қорқып кетіп, сыртқа шығып, бөлім командиріне хабаралайды. Бұл кешкі сағат 22.30 кезі болатын.
«Содан соң, мен және штаб бастығы, бөлім командирі 33 үй, 37 пәтерге, тұрғылықты мекен-жайына келдік. Есікті ашып кіргенімде, ас үйдегі кіребірісте турникте асылып тұр екен. Сыртқа шығып, құзырлы органдардың қызметкерлерін шақырдым, сосын әкесіне хабарластым», - дейді бөлім командирінің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Бақыт Қашқынбаев.
Оның сөзінше, Нұрсұлтан Алдамұратов өлім күні денсаулығына шағымданған. Жұмыс уақытында, шамамен сағат 11.00 кезінде әріптестеріне жүрек тұсының ауырып тұрғанын айтады.
«Әріптес бухгалтерлер оған медициналық ротаға баруға кеңес берген. Медициналық ротадағы кезекші фелдьшер оның денсаулығын тексеріп, әскери қалашықтың ауруханасына терапевтке жолдама береді. Терапевт науқастың өкпесі мен жүрегін аппаратқа түсіріп, ақауы жоқ екенін айтады. Бірақ сонда да таңғы сағат 7.00-де ашқарынға келіп, анализ тапсырасыз дейді. Нұрсұлтан қол астындағы бухгалтерлерге дәрігерге қаралып жүргенін айтып, «жұмысты өздеріңіз жалғастыра беріңіздер» деген. Ол кезде оқу жаттығулары болып жатқан. Нұрсұлтан лауазымы бойынша оған қатыспайды. Кейін екі лейтенант үйге келгенде оның асылып тұрғанын көреді», - деді подполковник Бақыт Қашқынбаев.
Айтуынша, марқұмның жағдайы ауырласа кезекші дәрігерге хабарласып, шақыртуға мүмкіндігі болған. Жүріп-тұруға қауқары болды дейді.
Нұрсұлтан Алдамұратов Аягөз гарнизонына ауысып келгенде Бақыт Қашқынбаевтың өзі сұхбат өткізген.
«Жұмысқа келген күні өзім сұхбат өткізгенмін. Әскери қызметте лауазымы бойынша қандай қызметтер атқаратыны туралы түсіндіріп, көмек керек болса, өзіме келіп айтып отырасың дедім. Пәтерін көрсеттім. Оған тәлімгер болып өзінің бастығы тағайындалды. Арнайы жоспар бойынша жұмыс істеді. Үйіне орналасты, құжаттарын рәсімдеп, киім-кешекпен толық қамтамасыз еттік. 370 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақысын, жеке заттарын көшіру шығынын – 400 мың теңгесін төлеп бердік. Ол лауазымын қабылдады», - дейді ол.
Подполковник марқұм жігіттің мінез-құлқынан ешқандай өзгеріс байқамағанын айтады. Еске салсақ, Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі офицердің денесі өз үйінен табылды деген ақпарат таратқан.
Бақыт Қашқынбаев бұл ақпаратқа түсініктеме берді.
«Қарулы күштерге қарайтын әскери қалашықта берілген үйде болған. Ол жерде әскери қызметішілер отбасымен тұрады. Былай қарасақ, өзінің үйі ғой, жұмыс орнында болған жоқ деген мағынада айттым», - деді ол.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Алдамұратовтың жақындары оның өз-өзін өлтірді дегенге сенбейді. Офицердің анасы Ботакөз Ысқақова баласы өлер алдында бастығының шотына 213 мың теңге аударғанын айтты, Нұрсұлтанның өліміне сол қаражат себеп болды ма деп ойлайды.
Өткен жұмада Аягөз гарнизонында офицер кенеттен көз жұмды. Алдын-ала болжам бойынша, ол суицид жасаған. Қорғаныс министрлігі марқұмның қаржылық қызметте лауазым атқарғанын айтты.
Әскеридің өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.