Мақтааралда су басқан елдімекендерден 6 миллион текше метрден астам су сорылды
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мемлекет тарапынан құрылған комиссиямен бірге Түркістан облысының Мақтаарал ауданында болды.
Министр төтенше жағдайды жоюға атсалысқан Ұлттық ұланның, төтенше жағдайлар қызметі мен полицияның жеке құрамын, олардың құрал-жабдықтарын тексерді, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда апаттық-құтқару жұмыстарына 1600-ден астам полиция, әскери қызметшілер мен құтқарушылар қатысып жатыр. 324 техника жұмылдырылған, оның 17-сі қалқымалы қондырғы болса, 216 су сорғыш жабдық бар.
«6 мамырда Өзбекстан Республикасынан тасқын суды сорғылауға 200-ден астам құтқарушы мен жүздің (100) үстінде су сорғылауға арналған арнайы техника жеткізілді. Қазіргі уақытта топан су басқан аудандарда 6 миллион текше метрден астам су сорылды. Елді мекендерде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мүлкін қорғау үшін полицейлер тәулік бойы патрульдік қызметте жүр», - делінген хабарламада.
Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап полицейлер мен әскери күштер лай мен тасқын су астында қалған малдарды құтқарумен айналысты. 15 мыңнан астам ірі қара мен үй құсы қауіпсіз аймаққа шығарылды. Төңіректі топан су басқанда 600-ге жуық мал қырылып қалды. Көбі - ұсақ мал. Түрлі инфекцияның алдын алу үшін ветеринариялық қызметпен бірге жануарлардың өлексесін көму жұмыстары тиісті санитарлық нормаларға сәйкес атқарылды.
Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде иелері тастап кеткен көліктер де қауіпсіз аймаққа шығарылды.
«Төтенше жағдай аймағында қабылданған шаралардың арқасында бірде-бір қылмыс болған жоқ. Дегенмен, тұрғындар өз үйіне оралып, артында қалған мүліктерін алып кетуге жағдай жасау үшін тасқын судың салдарын жоюға қатысты жұмыстарды жалғастыра беру керек», - деп мәлімдеді ІІМ басшысы.
Еске салсақ, 1 мамыр күні көрші мемлекеттің Сардоба су қоймасында болған апаттың салдарынан Мақтаарал ауданының бес елдімекенін су басқан еді. Бірінші күні 5400 жергілікті тұрғын қауіпсіз аймаққа шығарылды. Барлығы 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды.
Жалпы айтқанда, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Өргебас, Фирдауси және Достық ауылдарында 1030 үйді су басты. Қазір су басқан елдімекендердің тұрғындары туыстары мен 12 эвакуациялық пунктке орналастырылды.