СҚО-да коронавирус жұқтырған науқастар Ресейден келген
Облыста жұқпалы дертке шалдыққандар саны 36 адамға жетті
Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан екі адам анықталған болатын. Олардың Ресей Федерациясының Түмен қаласынан келгені белгілі болды. Осылайша өңірде жұқпалы дертке шалдыққандар саны 36 адамға жетті. Коронавирус диагнозы қойылған соңғы он адам сырттан келген азаматтар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Вирус жұқтырғандар Қазақстанның 1997 және 2001 жылы туған азаматтары. Олар Ресейдің Түмен қаласынан Мамлют ауданының Жаңажол бекеті арқылы Солтүстік Қазақстан облысына келген. Жолаушылардан коронавирус инфекциясын анықтауға арналған сараптама алынып, Мамлютка қаласының карантиндік стационарына оқшауланған. Зертханалық талдау нәтижелерін алғаннан кейін вирусты жұқтырған науқастар петропавлдық «Бірінші қалалық аурухана» ШЖҚ КМК жұқпалы аурулар бөлімшесіне жеткізілді. Талдау оң нәтиже көрсеткенімен, сырқаттардан денсаулық жағдайына байланысты шағым түспеген. Дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауруы сынды ешқандай клиникалық белгілері жоқ.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, әзірге олармен байланыста болған адамдардың саны анықталуда. Эпидемиологиялық тексеру шаралары жалғасуда.
2020 жылдың 11 мамырындағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысының аумағында коронавирусқа шалдыққан 36 адам тіркелген. Оның ішінде бір адам көктемгі егістік жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Қызылжар өңіріне келген Көкшетау қаласының тұрғыны. Петропавл қалалық инфекциялық ауруханасында коронавирусқа шалдыққан 6 науқас ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, сырқаттардың жағдайы бірқалыпты. Провизорлық стационарда 31, карантиндік стационарда 61, үй карантиніндегі 434 адам медицина мамандарының бақылауында.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО