Алматыда Құрлық әскерінің 44 жастағы сержанты жұмбақ жағдайда қаза тапты

Azattyq Rýhy

Оны әлдекімдер өлімге итермеледі деген баппен іс қозғалған 

Алматыда Құрлық әскерінің 44 жастағы сержанты жұмбақ жағдайда қаза тапты
Фото: istockphoto.com

Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерінің әскери институты ғимаратында 44 жастағы сержанттың мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми орган бұл ақпаратты ішінара растады: ішкі істер министрлігі адам өлімі болғанын растаса да оның қай жерде, қандай жағдайда көз жұмғанын айтпаған.

Ал, ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, 44 жастағы Өсер Итебаев қорғаныс министрлігі Құрлық әскерінің әскери институты аумағында турникке асылып өлген. Оның 3-санаттағы сержант шені бар.

«Оңтүстік әскери-тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 105 бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 105-бабында «өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу», ал, бірінші тармағында «жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу» қылмыстары жазылған.  

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда соңғы 4 жылда 310 сарбаз әскерде жүріп көз жұмған. Күні кеше Ұлттық ұлан 3 жыл 9 айда 47 әскери  қызметкері мен 11 сарбазының қаза тапқанын ресми мәлімдеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.