Арақ ішкенді қою керек – Әкелер одағының төрағасы әскери шенділерді сынады

Темірхан Айжан

Елімізде балаларға арналған 4 әскери-патриоттық лагерь бар 

Арақ ішкенді қою керек – Әкелер одағының төрағасы әскери шенділерді сынады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет әскери шенділердің әлі күнге дейін «погон алса, ішімдік ішіп тойлайтынын» айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында болашақ Отан қорғайтын жас жігіттердің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, патриотизмге тәрбиелеу және сол жолдағы атқаратын шаруалар жөнінде сөз қозғалды. «Әкелер одағының» басшысы шені жоғары әскерилерді өткір сынап, жиынға жиналғандарды бір сілкіп алды.

Оның айтуынша, елімізде 42 пайыз бала әкесіз өсіп жатыр. Әскерилер мектеп жасындағы балаларға барып, үлгі көрсетуі керек. Оларға арнап лагерьлер, үйірмелер ашып, ұйымдастыруы керек. Бүгінге дейін 4-ақ лагерь ашылған. Шенділер бәрін мемлекеттің мойына аса бермей, өздері жұмыс істеуге тиіс. Бұл жұмыстарға қаражат та бөлінеді. Мақсұтбек Айтмағанбеттің сөзінше, жас жеткіншектердің бойына ұлттық құндылық дәнін себумен айналысуы тиіс әскери азаматтар, погон алып, соны тойлаудан аса алмай отыр.

«Әскерге концептуалды реформа керек. Сіздер НАТО-мен, БҰҰ-мен жұмыс істеп жатырсыздар, әлі күнге дейін, погон алғанда арақ ішіп, жуасыздар, ұят емес пе? Соны қою керек. Ұлттық құндылық туралы Мәжіліс пен Сенат төрағасы да айтты. Ұлттық құндылықтар бағдарламасына соны енгізу керек. Арақ ішкенді де қою керек», - деді «Әкелер одағы» бірлестігінің төрағасы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.