Мақтааралдағы ауылдардан 4,5 млн текше метр су сорып алынды
Ал өткен тәулікте алынған су - 1,5 млн текше метр
Өткен тәулікте Мақтаарал ауданындағы су басқан елдімекендерден 1,5 млн текше метр, жалпы 4,5 млн текше метр су сорып алынды, деп хабарлайды Төтенше жағдай комитетінің баспасөз қызметі.
«Аумағы 21 шақырым болатын уақытша дамба орнатылды, 86 қап, суды ағызып жіберу үшін 3 коллектор қойылды. Түркістан облыстық ТЖД мен Шымкент қаласы ТЖК Медициналық апат орталығының психологтары Мақтаарал ауданы Фердауси және Жеңіс ауылының тұрғындарымен әңгімелесті. Зардап шеккендерге арттерапия әдісін пайдаланып жедел психологиялық көмек көрсетілді. Жедел желіге ақпарат алу мақсатында 150-ден астам қоңырау түскен», - деп жазылған хабарламада.
Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас, Жантақсай ауылдарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 4 блокпост қойылды. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының ТЖК, медициналық апат орталығы, полиция департаменті, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, 1412 адам шамасында волонтер мен 255 техника, 17 жүзу құралы, 130 мотопомпа тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдай зардаптарын жою үшін Өзбекстаннан 205 құтқарушы, 38 техника мен 85 мотопомпа тартылған.