Алматы қаласы Мақтааралға 70 тонна гуманитарлық көмек жіберді
Киім-кешек, төсек орындар, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік, гигиеналық құралдар, ұн және т. б. заттар
Алматы қаласы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға 70 тонна гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды қала әкімді.
Алматы қаласының әкімі, Nur Otan партиясы Алматы филиалының төрағасы Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен гуманитарлық көмек жинақталды.
«Елбасымыздың бастамасымен басталған BizBirgemiz акциясы аясында Алматы қаласы әкімдігі мен партияның Алматы қалалық филиалы тарапынан Түркістан облысында зардап шеккен азаматтарға 70 тоннадан астам гуманитарлық көмек, соның ішінде киім-кешек, төсек орындар, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік, гигиеналық құралдар, ұн және т. б. заттар жіберілді», -делінген хабарламада.
Сонымен қатар Jas Otan еріктілері эвакуациялау пункттері мен азық-түлік, киім-кешек, төсек орындары, гигиеналық құралдарын тарату жұмыстарына қатысады. Аз уақыттың ішінде көптеген алматылықтар, соның ішінде Nur Otan партиясының мүшелері және бей-жай қарамайтын тұрғындар шақыруға үн қатты.
«Қайырымдық қызмет ашықтық, айқындық пен есеп беруді талап етеді. Осы талаптарды басшылыққа ала отырып көмек көрсеткен азаматтар мен мекемелердің тізімі дайындалды. Атап айтсақ «Жаңа Алатау» қоры, «Metall Prom», «Казлегпром-Алматы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Эйр Астана» Акционерлік қоғамы, кәсіпкерлер, партия мүшесі Мұхтар Зулеев, қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов және тағы басқалар бар», - деп хабарлайды әкімдік.