Вейпке тыйым: елордада айына 10 мың темекі шығарумен айналысқан цех анықталды
20 маусымнан бері 400 мың электронды темекі жойылды
Елордада вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарды өндіру, сақтау және сатумен айналысқан ірі астыртын цехтың ұйымдастырушысы ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қылмыстық топ қолдан жасалған әдіспен глицерин, никотин және жасанды хош иістендіргіштерден тұратын сұйықтықты өндірген. 5 мыңнан астам темекі қоспасымен толтырылған дайын вейп, 235 литр химиялық зат — глицерин және пропиленгликоль, хош иістендіргіштер, сондай-ақ оларды өндіруге арналған құрылғылар анықталды», - деп хабарлады ҚМА.
Астыртын цехтың өндірістік қуаттылығы ай сайын 7 мыңнан 10 мыңға дейін электронды құрылғыны құрады. Қолдан жасалған барлық өнім республика бойынша вейпшоптарға таратылып отырған.
Сот үкімімен аталған азамат сотталды. Вейптің барлық партиясы мен өндіріс жабдықтары жойылды.
Айта кетерлігі, 2024 жылдың 20 маусымында вейпті сатуға, әкелуге және өндіруге тыйым салатын заңнамалық түзетулер күшіне енгеннен бері Қаржылық мониторинг агенттігі вейп, хош иістендіргіштер және оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымының 25 фактісі тоқтатты. Вейптердің таралуына қарсы күрес аясында тәркіленген 400 мың бірлік электронды құрылғы жойылды.
«Көрсетілген кезеңде заңсыз айналымнан шамамен 22 мың электронды құрылғы, сондай-ақ 7 мың хош иістендіргіш, картридж және буландырғыштар тәркіленді», - деп хабарлады агенттік.