Алматы облысында толассыз жауған жаңбырдан кейін 11 аула су астында қалды
Су деңгейі төмендеді, су басу қаупі жойылды

Алматы облысының бір ауылында қатты жауған жаңбыр салдарынан 11 аула су астында қалды. Бұл туралы Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жауын-шашынның көп түсуі салдарынан жергілікті маңызы бар «Алматы-Алғабас» автомобиль жолының жиегі жартылай шайылды. 11 үй ауласынан ағын су жүріп өтті. Осы автожолда жол қозғалысы тоқтатылған жоқ. Жылдамдық режимін реттеу мақсатында ТЖ орын алған жерге жергілікті полиция қызметі барды», - делінген хабарламада.
Су деңгейі төмендеді, су басу қаупі жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Жағдай бақылауда.
Көшелер мен аула аумақтарынан су айдау үшін оқиға орнына Алматы облысы ТЖД-дан 52 қызметкер және 23 бірлік техника, оның ішінде 15 мотопомпалар жіберілді.