Әйел 11 000 қорап тауық қанаты үшін сотталды
Вера Лидделл АҚШ-та мектеп әкімшілігінде 11 жыл жұмыс істеген
АҚШ-та 11 000 қорап тауық қанатын ұрлағаны үшін әйел 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
68 жастағы Вера Лидделл Иллинойс штатындағы мектеп әкімшілігінде 11 жыл жұмыс істеген. Ол азық-түлік сатып алуға жауапты еді.
Пандемия кезінде ол тамақ ұрлай бастайды. Ол кездегі тәртіп бойынша, оқушылар мектепке бармайды, үйден оқиды. Бірақ түскі ас әр оқушының үйіне жіберілген. Мұны пайдаланған Лидделл Gordon FoodService азық-түлік жеткізушісінен мектеп ақшасына қосымша ас сатып ала бастайды. Мысалы, әдетте, балаларға берілмейтін мыңдаған қорап тауық қанатын сатып алған.
Лидделл сотта кінәсін мойындады, бірақ артық тамақты қайда сатқанын айтпай қойды. Шығын 1,5 миллион долларға бағаланды, тауық қанаттарының жалпы саны – 11 000 дана. Сот әйелді аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны және қаржылық қылмысы үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айырды.