БҚО тұрғыны «қайтыс болғанына» байланысты несиесін төлей алмай отыр (ВИДЕО)
Тірі адамды өлілер қатарына кім қосқаны белгісіз

БҚО Жаңақала ауданының тұрғыны Айтасова Гүлайна банктегі несиесін төлеу кезінде өзінің 4 маусымда Астана ауруханасында «қайтыс болып кеткенін» білген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Несиемді төлейін деп ақша аударған едім, ол өзіме қайтып келді. Сосын банк операторына хабарластым. Ол маған «сіз 4 маусымда Астанадағы ауруханада қайтыс болғансыз, маған осылай шығып тұр» деді. Енді несие төленбеген соң, өсімпұл қосылып кете ме деп уайымдап отырмын. Бірақ жалақымды алдым, шоттарым ашық. Мен Жаңақала ауданы бойынша тірі адаммын», - дейді тұрғын.
Айтасова Гүлайна қан қысымы сырқаты бойынша бұрыннан есепте тұр. Бірақ қазір ауруханада да оған «қайтыс болғанын» айтқан.
«Ауруханаға барып дәрі алайын десем, ол жақта да өлгендер қатарында тұрмын. Бірақ менің қан қысымым барын білетін дәрігерлерлер дәрімді берді. Менің зейнет жасым жақындап келеді. Мына жағдай зейнетақы қорындағы жинағыма әсер етпей ме? Соған көмек сұраймын», - деді ол.