Рудныйдың білім бөліміндегі 18 млн теңгенің былығы анықталды
Мекеме балаларды жазғы лагерге жібереміз деген жалаумен азаматтардан осынша қаражат жинап алған

Рудный қаласының прокуратурасы осы қаланың білім бөліміне қарасты «Балаларды тәрбиелеу-сауықтыру кешенінің» қызметін тексеру барысында аса ірі мөлшерде ақша қаражатын ұрлау фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Арнайы прокурорлар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі, яғни сеніп тапсырған бөтен мүлікті иелену немесе ысырап ету бабы бойынша тергеу жүргізді. Тергеу барысында анықталғандай, балалар кешенінің қызметкері 2022-2023 жылдар кезеңінде балалардың сауықтыру орталықтарына жазғы маусымға жолдама сатып алғаны үшін азаматтардан алынған 18 млн теңгеден астам ақшалай қаражат иемденіп алған», деп хабарлайды Қостанай облысының прокуратурасы.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған.