«30 млн теңге қарыз»: атақты Wildberries қазақ жүргізушілерінің жалақысын неге 1,5 ай бойы төлемей келеді (ВИДЕО)
Жалақысын ала алмаған 18 жүргізуші қойманың алдына жиналды
Wildberries ресейлік компаниясы қазақстандық жүк жеткізушілердің еңбекақысын төлемей отыр. Ашынған жүк жеткізуші жеке кәсіпкерлер компания қоймасының қасына жиналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресейдегі ең бай бизнесмендердің бірі Татьяна Бакальчуктың Wildberries онлайн дүкені қазақстандық жұмысшылардың 1,5 айлық еңбекақысын төлеуден бас тартқан. Астана-Қарағанды бағытында орналасқан дүкен қоймасының алдында осы жүргізушілер ереуілге жиналды.
Компанияның бір қызметкерге төлдейтін жалақысы 1 млн теңгеден артылады. Шамамен жиырмашақты адамның алдындағы компанияның еңбек қарызы 30 млн теңге болып отыр.
Айлығын ала алмай жүрген жүргізушінің бірі – Мейірбек Маратұлы. Ол ресейлік компанияда жалдамалы жұмысшы болып жарты жылдай уақыт жұмыс істеп келеді.
«Біз осы ресейлік компанияның басшылығына немесе Қазақстандағы шетелдік компаниялардың жұмысын реттейтін органдарға өтінішіміз жетсе дейміз. Wildberries жүк тасымалына жауап беретін ұйым біздің жалақымызды бермей отыр. Біздің жүк таситын командамызға компания 10 млн теңге қарыз. Тағы бір топқа 20 млн теңге қарыз. Жалпы 11 және 7 адамнан тұратын екі топқа 30 млн теңге қарыз болып отыр. Яғни, 18 адамның 1,5 айлық еңбекақысы төленбей отыр», - дейді ол.
Мейрібек Бекбергеновтің айтуынша, Қазақстандағы компания өкілдері жауапкершілікті бір-біріне сілтеп, нақты жауабын айтпай отыр.
«Қазір біздің қолымызда 3 газельдің тауары бар. Оларға оны беруден бас тартып отырмыз. Себебі алдымен өзіміздің еңбекақымыздың төленгенін қалаймыз. Айлығымызды берген сәтте тауарын да қайтарамыз. Біз жалдамалы қызмет атқарғандықтан, жүріп-тұру, тамақтанудың барлығы 1,5 ай бойы өз қалтамыздан шықты. Қанша уақытымыз бен жанармай кетті, ал айлық алмадық», - дейді жүргізуші.
Бірінші командадағы тағы бір жүргізуші Асқар Айтпаевтың айтуынша, сәуір айының соңынан бастап жүргізушілер айлық көрмеген.
«Бізге шілденің аяғына дейін еңбек қарызын төлеп бітіреміз деді. Алайда ешқандай нәтиже жоқ. Екі адамның жалақысын толық төледі. Ал қалған 12 жүргізуші еңбекақысын күтіп отыр. Әрбір жүргізушінің жеке кәсіпкерлігі ашылған. Олардың барлығы салық төлейді. Сондықтан компанияның өкілдерін бізге жалақымызды төлеуге міндеттелгенін қалаймыз», - деді Асқар Айтпаев.
Оның айтуынша, жүк жеткізуші кәсіпкерлерді реттейтін компанияның өкілдері жалақыны төлеу қызметін бір-біріне сілтеп отырған көрінеді.
«Жүк тасымалына екі компания жауап береді. Олар: Логистика және «Быстрая точка» компаниясы. Логистиканың бастығы «Быстрая точканың» ақшасына қатысым жоқ десе, «Быстрая точка» компаниясының өкілдері барлық қаржыны Логистиканың шотына салып жібергенін айтады», - дейді ол.
Wildberries-ресейлік маркетплейс. Оның негізін 2004 жылы Владислав пен Татьяна Бакальчук негізін қалаған. Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Арменияда жұмыс істейді. 2016-2020 жылдары айналым бойынша Ресейдегі ең ірі интернет-дүкен ретінде танылған.