Өзбекстанда дамба жарылды: адамдарды құтқару жұмыстары жүріп жатыр
Оқиға орнына ел президенті Шавкат Мирзиеев келген
Өзбекстанның Сырдария облысында 1 мамыр күні жергілікті уақытпен таңғы сағат 5:55-те Сардоба су қоймасындағы дамба жарылды деп хабарлайды Газета.uz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап. Кургантепа, Дустлик және Юртдош елдімекендерінен 11,6 мың адам Мирзаабад ауданына эвакуацияланған.
Оқиға болған жерге жақын орналасқан өзге де елдімекендердің тұрғындарын қауіпсіз жерге шығару жұмыстары әлі де жалғасуда.
Ел президенті Шавкат Мирзиеев Сырдария облысына арнайы келген. Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылып, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетудің жолдары қарастырылып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі дамбаның жарылған тұсын бітеп, суды тоқтатқанын мәлімдеді. Адам шығыны туралы әзірге мәлімет жоқ.
Су қоймасының тасуына толассыз жауған жаңбыр себеп болған. Қызыл су жолындағы елдімекендердің бәрін шайып кетті. Эвакуацияланған тұрғындар мектеп мен колледж ғимараттарына, медициналық мекемелерге орналастырылды.
Шавкат Мирзиеев зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, оларға қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді.
«Бұл – сынақ, мұндай боларын ешкім күткен жоқ. Біз ең алдымен адамдарды құтқару жұмыстарын жүргіздік, қауіпсіз жерге көшірдік. Ең бастысы – адам шығыны жоқ. Махалла ақсақалдарынан және инспекторларынан сұрарым, үйлеріңізге кіргізіп, оларға арнайы палаткалар құрып, тамақпен қамтамасыз ету керек. Жағдай қалыпқа түспегенше бірде-бір басшы қызметінен кетпейді, тіпті менің өзім де. Қандай қиындық болмасын, соңына дейін шыдауымыз керек», - деді Шавкат Мирзиеев.
Айта кетейік, Сардоба су қоймасының құрылысы 2010 жылы басталып, 2017 жылы аяқталған. Оған 922 млн текше метр су сыяды.