$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.05.2020, 00:04
Оқиғалар

Алматыда шыққан өрттен қырыққа жуық газ баллоны жарылған – ТЖД

Сондай-ақ, газ таситын ГАЗ-3307 маркалы автокөлік жанып кетті

Алматыда шыққан өрттен қырыққа жуық газ баллоны жарылған – ТЖД

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт техникалық қауіпсіздікті сақтамаудан шыққан болуы мүмкін. Қоймада 50 және 25 литрлі газ баллондары сақталған. Өрт салдарынан қоймадағы қырыққа жуық баллон жарылған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«2020 жылғы 01 мамыр күні сағат 14:32-де Жетісу ауданындағы Ратушный көшесі 78 «б» мекен-жайында «ЛТ» ЖШС-і аумағында өрт болғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Бірінші өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде газ тасымалдаушы көліктің өртенгенін, от газ құю стансасы мен газ баллондары сақталатын қоймаға тарап, бірнеше газ баллоны жарылғаны анықталды», - делінген ТЖД таратқан хабарламада.

Өрт сөндірушілер 100 текше метр көлемдегі газдың жарылу қаупінің алдын алып үлгерген. Газ толы алып цистерна жарылса, радиусы 500 метрге дейінгі аумақты қамтып, жақын маңдағы үйлер мен тұрғындарға қауіп төндірер еді дейді мамандар. Өрт сөндірушілер газдың ауаға тарауына және адам шығынына жол бермеген. Өрт 11 минуттың ішінде сөндірілген.

«10 негізгі және 5 арнайы техника жұмылдырылды. Полиция департаменті қызметкерлерімен оқиға болған аймақтағы автокөліктерді алып кету және қоршау жұмыстары жүргізілді. Кейін қоймадағы 50 және 25 литрлік қырыққа жуық баллонның жарылғаны белгілі болды», - деді ТЖД баспасөз қызметі.

Жарылыстан көкке ұшқан баллондардың жақын маңдағы үйлердің ауласына да жеткені анықталды. Өрт шыққан аймақ қоршауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары