Талғарда ер адам балаларының көзінше әйелін жұдырық астына алды (ВИДЕО)
Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісін куәгерлер видеоға түсіріп алған
Талғарда ер адам көшеде балаларының көзінше әйелін ұрып-соққан сәтті куәгерлер видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Видеода қолында кішкентай баласы бар әйелін ер адам бірнеше рет бетінен, басынан ұрғанын көруге болады. Куәгерлер осыған дейін ер адам ашуланып, телефонын сындырған дейді.
«Аулада айқайлап ұрысып жатқандарын естідім. Кейін ол әйелдің бетіне түкіріп, ашуланып, сөмкесінен телефонды алып шығып лақтарып жіберді. Қасындағы қызы әкесіне ұруды тоқтатуды сұрап, қатты жылады. Кейін олар үйге кірді», - дейді куәгер.
Ол полиция шақыруға тырысқан, алайда әйел үйінен кетіп қалған.
«Ер адам балконнан «егер кетсең, қайтып келме» деді. Кейін әйелдің тоқтамағанын көріп, артынан шықты. Алайда әйелі оралмады. Кейін ер адам үйіне жалғыз кірді», - дейді ол.