Ақмола облысында түйеге соғылған көліктің жолаушысы қаза тапты
Жануарлардың иесі анықталғаннан кейін жауапқа тартылады
Астана – Ерейментау – Шідерті автожолының 23 шақырымында Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі автотрассада тұрған түйені қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан такси жолаушысы, Сандықтау ауданының 49 жастағы тұрғыны оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 24 шілдеде болған.
Целиноград ауданының полиция бөлімі бұл фактіні Қазақстан Республикасы ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеді.
«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Жануарлардың иесі анықталғаннан кейін ол жауапқа тартылады», - деп хабарлады ПД.
Полицейлер елді мекендер мен автомобиль жолдарының көшелерінде көлік құралдары мен жаяу жүргіншілер үшін ерекше қауіп төндіретін мал иелерінің бақылаусыз мал жаюы үшін жауапкершілік бар екендігі туралы ескертеді.