«Мал сияқты көлікке лақтырған»: Ақтауда үш жігіт қызды зорлықпен алып қашты
Бұл туралы «НеМолчи» қоғамды қоры жазды
Ақтауда көпшілік алдында қыз баланы үш ер адам көлікке күшпен итеріп отырғызып, айқайлатып алып қашқан. Алайда, сот «қылмыс құрамы жоқ» деген шешіммен, бұл істі тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
НеМолчи қоғамды қоры қызды зорлап алып қашу неліктен заң жүзінде жазасыз қалып жатқанына наразылық білдірді.
«Еске салайық, 12 сәуір күні түнгі он бірлер шамасында үш жігіт қызды көлікке отырғызып, алып қашқан. Қыз қарсылық көрсетіп, жерге құлаған. Ал үш жігіт оны сүйреп, көлікке күшпен кіргізіп, алып кеткен. Бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Көлік бағдаршамның қызыл түсінде тоқтап тұрған сәтте, қыз қашып құтылған болатын.
Сот-медициналық сараптама бар: жарақаттар, кеудедегі абразиялар, аяқ пен қолдағы көгерулер. Бейнежазба бар, онда қызды көлікке мәжбүрлеп итеріп жібергені анық көрінеді және ол айқайлап көмек сұраған. Алайда, «қылмыс құрамы жоқ» деп, іс жабылған», - деп жазды «НеМолчи».
Қоғамдық қор Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевқа үндеу тастады. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру және адам ұрлау – екі бап бойынша адам құқығы бұзылғанын жазды.