ҚМА бюджет қаражатын ұрлауға қатысты 111 фактісін тергеп жатыр
Мердігерлер бағаны жоғары көрсетіп, бюджет қаражатын жымқырған
Қаржы мониторингі агенттігі 19 миллиард теңгеге 111 ұрлық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мердігерлер 35 мемлекеттік жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын жасау кезінде бағаны жоғарылатып, құнын 300 млрд теңгеге жеткізген.
«Бюджет қаражатын жұмсау мониторингі шеңберінде құны 300 млрд теңгеден асатын 35 мемлекеттік жоба бойынша ЖСҚ-да бағаны негізсіз көтермелеуі анықталды. Агенттіктің бастамасы бойынша олардың құны 45 млрд теңгеге төмендетілді. 19,2 млрд теңгеге бюджет қаражатын ұрлаудың 111 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», - деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.
Сонымен қатар, агенттік қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 22 тергеу басталғанын хабарлады. Заңға қарсы мазмұндағы 14 мың сілтеме бұғатталып, 100-ден астам құқыққа қарсы чаттар мен аккаунттар жойылды.