Алматыда карантин уақытында заңсыз жұмыс істеген казино әшкереленді

Казиноға барғандардың барлығына төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесін тарта отырып, наурыз айынан бастап елдегі төтенше жағдай мен Алматы қаласындағы карантин режимі уақытында жұмыс істеген заңсыз ойын мекемесі әрекетінің жолын кесу бойынша ауқымды операция өткізді.

«Осы жедел-іздестіру іс-шарасы 2020 жылғы сәуірдің 24-інен 25-іне қараған түні өткізілді, нәтижесінде ведомстволардың қызметкерлері қаланың орталығында орналасқан әкімшілік ғимаратта құмар ойындарына қатысқаны үшін қатысушылар қатарынан 30-дан артық келуші мен персонал ұсталды. Құмар ойындары өтетін орынға кіру үшін арнайы өткізу жүйесі әрекет еткен, ол бойынша ішке тек тұрақты келушілер ғана кіре алатын болған», - делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Аумағы 1000 шаршы метрден асатын казино ішінде тінту іс-шараларын жүргізу барысында покер мен америкалық рулеткаға арналған 6 үстел, көптеген ойын карталары мен фишкалар, сондай-ақ бір күндік заңсыз әрекеттен түскен ірі мөлшердегі ақшалай қаражат алынды.

Заңсыз ойын мекемесін ұйымдастыру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Жасырын казиноға» қатысқан адамдардың барлығына қатысты төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.