Шортандыда терезеден бала құлаған балабақша меңгерушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Нұрсәуле Малчы баланың анықтамасы бар деп ақталды
Шортандыда терезеден құлаған 4 жасар балаға қатысты «Балапан» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Ақсу ауылындағы балабақшада 4 жастар бала екінші қабаттан құлап, бас сүйегі сынды.
«Түс кезінде тәрбиеші мен бала қараушы ұйқтайтын бөлмені дайындап жатқан кезде сол бөлмеге бала да бірге жүгіріп кіріп кеткен. Оның сонда екенін бала қараушы байқамай қалған. Сол кезде бала терезеге шығып, құлап кетті. Терезеде тек тор ғана болды. Сақтандыруға арналған темір қоршау орнатылмаған. Бала сол тормен бірге жерге құлады», -дейді балабақша меңгерушісі Нұрсәуле Малчы.
Оның айтуынша, жарақат алған баланың аутизммен ауыратынын растайтын справкасы бар.
«Ерасылды алғаш қабылдаған кезде ауыратынын білген жоқпыз. Бірақ денсаулығында ақау бары туралы қағазы бар. Ата-анасына баланы қарау қиын екенін бірнеше мәрте ескерттім. Олар маған келесі айдың 11-не дейін қарай тұруымды өтінді. «Терезе мен баспалдақтан құлап қала ма деп қорқамын» деп ойымды айттым. Өйткені бала сөйлемейді әрі мазасыз болды. Бірақ ата-анасы үйде де 2 этаждың терезесінен қарап тұратынын, ол жағынан қорқудың қажеті жоғын айтты»,- дейді балабақша меңгерушісі.
Оның сөзінше, 2-қабаттан құлаған баланы алдымен балабақшаның медбикесі қараған. Артынша аудандық емханаға апарған кезде, дәрігерлер емханаға қабылдамай қойған.
«Біз барған кезде алдымыздан бригадамен күтіп тұра ма деп ойладық. Өйткені, баланың жағдайы ауыр еді», - дейді Нұрсәуле Малчы.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлауынша, қазіргі уақытта баланың жағдайы ауыр.
«Ағымдағы жылдың 18 маусымында биіктіктен құлау салдарынан №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына 2020 жылғы бала жеткізілді. Ауруханада баланы травматолог, нейрохирург және реаниматолог қарады. Мидың жарақатымен, бас сүйек және сол жақ жамбас сүйектерінің жабық сынықтарымен реанимация бөліміне жатқызылды», - делінген денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабында.
Қазір бала дәрігерлердің бақылауында, жамбас сүйегіне операция жасалады.
Жанат Ерболған