Шортандыда 4 жасар бала балабақшаның терезесінен құлап, комаға түсті (ВИДЕО)

Azattyq Rýhy

Баланың жақындары ауданның дәрігерлері бүлдіршінге уақытында көмек көрсеткен жоқ дейді

Шортандыда 4 жасар бала балабақшаның терезесінен құлап, комаға түсті (ВИДЕО)

Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Ақсу ауылындағы балабақшаның екінші қабатынан 4 жасар бала құлап, ауыр дене жарақатын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүлдіршіннің атасы Санат есімді азаматтың бізге берген мәліметіне сүйенсек, баланың жілігі сынып, бас сүйегі жарақаттанған. Ауылдағы жедел жәрдем көлігі бұзылып қалып, дәрігер оқиға орнына жаяу келіп, баланың жарақатын таңып берген. Атасы көлік тауып, баланы аудандық ауруханаға өздері апарған. Онда дәрігерлер ес-түссіз жатқан баланы 40 минут қабылдамай ұстап отырған. Қазір бала Астанадағы ауруханалардың бірінде

«Баланың бас сүйегі сынған, сондықтан,  көп қан жоғалтқан. Ортан жілігі сынған, қазір комада жатыр.  Бұндай хәлдегі баланы орнынан қозғауға болмайтынын білемін. Бірақ, амалым болмаған соң, оны көтеріп алып, ары-бері өзім жүгіруге мәжбүр болдым. Баланың аяғы ісіп, киімі  шешілмейтін жағдайға жетті. Қаладан келген жедел жәрдем дәрігері киімдерін қайшымен кесіп алды»,- дейді баланың атасы.

Оның айтуынша, Ақсу ауылынан шығар кезде ол Шортанды аудандық ауруханасының қызметкеріне, дәлірек айтқанда, медбике Маргарита Валеревна есімді әйелге хабарласқан. Баласының жағдайын айтып, мүмкіндік болса, кезексіз қабылдауын сұраған.  ескертіп, ауруханада еш бөгетсіз қабылдауын өтінген. Бірақ медбике ауруханаға емес, аудандық ішкі істер бөліміне хабарлама берген екен.

«Баланы алып барған кезде Шортанды ауруханасында ешкімді таппадық. Аурухананың  2 қабатын түгелдей араладым, қабылдау бөлімін таба алмай, қайтадан 1-ші қабатқа келдік. Отырған  медбике маған жауап берген жоқ. Жанында жүрген бір әйел мені видеоға түсіре бастады. Олар көмектесудің орнына видеоға түсіріп жүр.  Содан, немереме тезірек көмек көрсетейік деп, Астанаға кеттік. Кеше кешке полициядан телефон шалып, мені бүгін, 19.06.2024 сағат 9.00-да бөлімшеге келуімді талап етті», - дейді баланың атасы.

Журналистерге хабарласып, көмек сұраған тұрғын уақытылы көмек көрсетпеген дәрігерлердің кім екенін анықтауды, неге ауданда жедел жәрдем қызметі бұзылып жататынын білуді сұрайды.

Azattyq Rýhy тілшісі тиісті құзырлы органдарға сұрау салды. Осы ретте, Шортандыда терезеден құлаған 4 жасар балаға қатысты «Балапан» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі пікір білдірді

«Түс кезінде тәрбиеші мен бала қараушы ұйқтайтын бөлмені дайындап жатқан кезде сол бөлмеге бала да бірге жүгіріп кіріп кеткен. Оның сонда екенін бала қараушы байқамай қалған. Сол кезде бала терезеге шығып, құлап кетті. Терезеде тек тор ғана болды. Сақтандыруға арналған темір қоршау орнатылмаған. Бала сол тормен бірге жерге құлады», -дейді балабақша меңгерушісі Нұрсәуле Малчы.

Оның айтуынша, жарақат алған баланың аутизммен ауыратынын растайтын справкасы бар.

«Ерасылды алғаш қабылдаған кезде ауыратынын білген жоқпыз. Бірақ денсаулығында ақау бары туралы қағазы бар. Ата-анасына баланы қарау қиын екенін бірнеше мәрте ескерттім. Олар маған келесі айдың 11-не дейін қарай тұруымды өтінді. «Терезе мен баспалдақтан құлап қала ма деп қорқамын» деп ойымды айттым. Өйткені бала сөйлемейді әрі мазасыз болды. Бірақ ата-анасы үйде де 2 этаждың терезесінен қарап тұратынын, ол жағынан қорқудың қажеті жоғын айтты»,- дейді балабақша меңгерушісі.

Оның сөзінше, 2-қабаттан құлаған баланы алдымен балабақшаның медбикесі қараған. Артынша аудандық емханаға апарған кезде, дәрігерлер емханаға қабылдамай қойған.

«Біз барған кезде алдымыздан бригадамен күтіп тұра ма деп ойладық. Өйткені, баланың жағдайы ауыр еді», - дейді Нұрсәуле Малчы.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлауынша, қазіргі уақытта баланың жағдайы ауыр.

«Ағымдағы жылдың 18 маусымында биіктіктен құлау салдарынан №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына 2020 жылғы бала жеткізілді. Ауруханада баланы травматолог, нейрохирург және реаниматолог қарады. Мидың жарақатымен, бас сүйек және сол жақ жамбас сүйектерінің жабық сынықтарымен реанимация бөліміне жатқызылды», - делінген денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабында.

Қазір бала дәрігерлердің бақылауында, жамбас сүйегіне операция жасалады.

Жанат Ерболған

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.