Су тасқыны кезінде қаза тапқандарды тасқынның құрбандары деуге келмейді – Шыңғыс Әрінов
Шенеунік биыл су тасқыны кезінде Қазақстанда адам шығыны болған жоқ деп санайды
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов көктемгі су тасқыны кезінде адам шығыны болған жоқ дейді. Ал, қаза тапқан адамдар эвакуациядан кейін су басып жатқан жерге өз аяқтарымен барған адамдар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін үкімет отырысынан кейін журналистерге брифинг өткізген төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «келесі жылғы су тасқынына қалай дайындалып жатырсыздар?» деген сұраққа жауап бере отырып, биылғы су тасқыны кезінде адам шығыны болмағанын айтып қалды.
«Келесі жылға дайынбыз деп айта аламын. Су тасқынына дайындық жүріп жатыр. Биылғы алапат тасқын бәріміз үшін үлкен тәжірибе болды. Атқарылған шаралардың арқасында адам шығыны болған жоқ. 120 мыңнан астам адам құтқарылды, яғни, эвакуацияланды. Алдын алған шаралардың арқасында көптеген үймен мекемелер бұзылған жоқ», - деді Әрінов.
Алайда, биыл, 2024 жылдың 18 сәуірінде Сенатта журналистердің сұрағына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев су тасқыны кезінде еліміз бойынша жеті адам қаза тапқанын ресми мәлімдеген еді. Әрінов болса бұл кісілер дәл су тасқыны кезінде емес, құтқарылғаннан кейін су басып жатқан жерлерге өздері барды дегенді меңзеді.
«Менің айтып отырғаным, тікелей су тасқынының салдарынан адам шығыны болған жоқ деген сөз. Олар эвакуациядан кейін су басқан жерге өздері барған. Менің айтпағым, мысалы, шетелде үлкен су келгенде суға ағып кеткен адамдарды су тасқының құрбаны деуге болады. Яғни, оларды ешкім құтқармайды, оларға ешкім көмекке келмейді. Алайда, оларды эвакуациялап, құтқарғаннан кейін су тасқыны болып жатқан жерге қайта барса, ол басқа нәрсе», - деді Әрінов.