Түркістан соты жеткіншек қызды бірнеше рет зорлаған жігітті шартты түрде соттаған

Темірхан Айжан

Күдікті жазасын жылы үйде жатып өтейді 

Түркістан соты жеткіншек қызды бірнеше рет зорлаған жігітті шартты түрде соттаған
Фото: Istockphoto

Түркістан соты кәметлетке толмаған қыз баланы қорқытып, қайта-қайта зорлаған жігітті екі-ақ жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы «НеМолчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жазды.

«2 жыл шартты жаза. Үйде, жылы орында жатып өтейді. Бірнеше рет жасаған қылмысы үшін еш жауапкершілік алмайды», - деп жазды белсенді.

Жәбірленушінің анасы соттың әділетсіздігін айтып, Дина Таңсәріге жүгінген.

«Қыздың анасы шарасыздан жазып отыр. 17 жастағы жігіт оның 14 жасар қызын қорқытып-үркіте отырып, 7 рет зорлаған. Қыз зорланғанын айтып дәлелдеуден, соттардан әбден шаршады. Сот-психиатриялық сараптама «айтқаны өтірікке жақын емес» деп қорытынды берген, жігіттің қызды қорқытқан сөздерінің стенограммасы да бар... Егер біреуге айтатын болса, қызды балалар колониясына өткізіп жіберетінін айтып қорқытқан», - дейді белсенді.

Хатта сот отырысы былайша сипаттап жазылған:

«Жігіт кінәсін мойындаған жоқ. Барлық экспертизаның зорлық болғанын дәлелдейтін қорытындысынан кейін істі «кәмелетке толмағанды бірнеше рет зорлау» бойынша 120 баптың 3-1-бөлігіне ауыстырған. Бірақ  тура сот отырысының үстінде істі «16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас» бойынша 122-баптың 1-бөліміне өзгерте салған. Күдіктіден жауап алынып жатқан кезде сот үзіліс жариялап, отырысты кейінге қалдырған. Прокуратура жігіттің қызды бопсалағаны, қорқытқаны, бірнеше рет зорлағаны үшін 2 жылға ғана бас бостандығын шектеуді сұрады», - деп жазған жәбірленушінің анасы.

Редакция Түркістан облысының соты баспасөз қызметіне қоңырау шалды, бірақ тиісті қызметкер жауап бермеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.