Пойызда вентиляцияны жұлып, жолаушылар тыныштығын бұзған мас адам ұсталды

Azattyq Rýhy

Оқиға Алматы – Астана бағытындағы жолаушылар пойызында болған 

Пойызда вентиляцияны жұлып, жолаушылар тыныштығын бұзған мас адам ұсталды
Фото: polisia.kz

Мас күйде пойызға зақым келтірген жолаушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы – Астана бағытындағы жолаушылар пойызы Сарышаған станциясына келгеннен кейін көлік полицейлері пойыз бастығының актісі бойынша құқық бұзушыны түсіріп алды.

«Шу станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру кезінде Алматы қаласының 38 жастағы тұрғынын анықтады. Ол жол жүру барысында спирттік ішімдіктер ішкен, түнгі уақытта жолаушылардың тыныштығын бұзған және вагон дәретханасындағы вентиляцияны бұзып, бекіткішті жұлып алған. Ер адам алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, тыныштықты бұзғаны, жалпы пайдаланымдағы көлік құралдарының ішкі жабдықтарын бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды», - деп хабарлады полиция.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін 40 мыңнан астам азаматты жауапқа тартты. Оның ішінде 3178 жолаушы алкогольдік ішімдік ішкен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.