Алматы облысында жоғалып кеткен балықшы екі күннен кейін табылды

Azattyq Rýhy

Құтқарушылар оны өзен жағалауында әлсіреп жатқан жерінен тапты

Алматы облысында жоғалып кеткен балықшы екі күннен кейін табылды
Бейнеден кадр

Алматы облысында ТЖМ құтқарушылары 1947 жылы туған ер адамды құтқару бойынша іздестіру жұмыстарын аяқтады. Балықшы екі күннен кейін өзен жағалауынан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖМ мәліметінше, 2024 жылдың 8 маусымында 77 жастағы ер адам Балқаш ауданы Қараой ауылының маңындағы Іле өзеніне балық аулауға шыққан болатын. Бірінші болып балықшының туыстары дабыл қағып, жоғалғаны туралы құтқару қызметіне хабарлаған.

«Екі тәулік бойы құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен азамат жоғалған жерден 7 шақырым радиуста аэровизуалды іздестіру жүргізді. Жер үсті жұмыстары да жүріп жатты. Қараой ауылынан оңтүстік-батыс бағытында 30 шақырымнан астам жолды жаяу патруль аралады. Ер адамды тапқан кезде, ол әлсіреп өзен жағалауында жатқан болатын. Ол адасып кеткен екен», - делінген хабарламада.

Оқиға орнына келген құтқарушылар балықшыға алғашқы көмек көрсетіп, елдімекенге жеткізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.