Салауатты өмір салтын насихаттаған BBC жүргізушісі қаза тапты
Майкл Мосли «Жылдам диета» (The Fast Diet) кітабымен әлемге танылған

Әлемге танымал Британ журналисі Майкл Мосли Грек аралдарының бірінен өлі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Apnews-ке сілтеме жасап.
Сими аралында із-түзсіз жоғалған 67 жастағы ер адамның денесі жексенбіде тау бөктерінен табылды.
Майкл Мосли BBC арнасында көптеген авторлық бағдарламаларды жүргізген, Daily Mail газетінің бағанында мақалалар жазып отырған. 2013 жылы журналист Мими Спенсермен бірге «Жылдам диета» (The Fast Diet) кітабын жазып, Ұлыбританиядан тыс жерлерде танымалдығы артты. Ол кітабында аптасына 5 күн дұрыс тамақтанып, 2 күн тамақты мүлде азайтуды ұсынып, «5:2 диетасы» деп аталатын әдісті көрсеткен. Осы арқылы адамдардың артық салмақтан тез арылатынына уәде берген. Кейіннен ол жылдам арықтау жолдарын көрсететін бағдарламалар, фильмдер түсірді. Оның әйелі және 4 баласы бар.