Телефонын аяқпен таптады: қарияларды алдап жүрген 28 жастағы алаяқ ұсталды
СҚО полицейлері бірқатар интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады
СҚО полицейлері бірқатар интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Көліктен шыққан сәтте күдікті өзінің иығындағы шағын сөмкесі жерге түсіп кеткенін көріп, ішіндегі телефонын аяқтарымен басып сындырмақ болды», – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірақ арнайы жасақ қызметкерлері оның бұл әрекетінің іске асуына жол бермеді.
Сәуір айында Петропавл қаласының 53 жастағы тұрғыны алаяқтық туралы арызбен полицияға жүгінген. Өткен жылдың қараша айында оның жанына бейтаныс ер адам келіп, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатқан сияқты кейіп танытып, түрлі сипаттағы сұрақтар қоя бастаған. Жәбірленушінің сеніміне кіріп, тергеу барысында қажет дегенді сылтау етіп, оның телефонына келіп түскен sms хабарламадағы құпия кодты айтуға көндірген.
«Кейін анықталғандай, ер адамның атына бір миллион теңгеден астам сомаға несие ресімделген. Едәуір уақыт өткенімен, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес тобының қызметкерлері Петропавл қаласының полиция басқармасындағы Cyberpol тобының жедел уәкілдерімен бірлесіп, күдіктіні тез арада анықтады», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Ол Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Оны қолға түсіру үшін жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды.