Алматыда кеңсесі тоналған кәсіпкер полиция жұмысына шағымданды
IELTS ағылшын тілін меңгеру деңгейін тексеретін және ондаған шетел тілін үйрететін орталық 2013 жылы құрылған
Алматы полициясы карантинге байланысты қылмыс азайды деп мәліметтер таратып жатқанда, мүлкімізді «тонап жатыр» деп дабыл қаққандар табылып жатыр. Бизнесі тоқтап қалғанда, кеңселеріндегі бағалы заттарды үптеп кеткен ерлі зайыпты кәсіп иелері құзырлы органдардан көмек сұрайды. Асан Паржанов және Ұлжан Смадияр есімді азаматтар білім беру орталығының осымен екінші рет тоналғанын жазған. Инстаграмдағы парақшасында жазба қалдырған алматылықтар оқиғаның 20 сәуірде болғанын айтады.
Зардап шегушілердің жазуына қарағанда қаладағы Абай мен Жароков көшелерінің қиылысындағы тіл үйрету орталығына күдіктілер терезені сындырып кірген. Құнды техникалардан бөлек ақша іздеген. Кәсіпкерлер күнделікті білім беруге қажетті бағалы заттардың ұрланғанын айтады. Бірақ карантинге байланысты шығынның көлемін нақты есептей алмаған.
«Біз мұны кімнен көрерімізді білмейміз. Біз осы уақытта кәсіп жасап ақша табатын едік, бірақ карантин әлем елдерінің барлығында жарияланған соң, ел қатарлы үйде отыруға мәжбүрміз. Ал мемлекет осы кезде біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуі керек емес пе?! Бұл қылмысты жасағандар кәсіпқой ұрылар, полиция осы күнге дейін неге олардың жолын кеспеген. Үш күн өтті күдіктілер әлі ұсталған жоқ»,- деп жазған Асан Паржанов.
IELTS ағылшын тілін меңгеру деңгейін тексеретін және ондаған шетел тілін үйрететін орталық 2013 жылы құрылған. Төтенше жағдай уақытында қолайсыз оқиғаға тап болған ерлі-зайыптыларды 2018 жылы алаяқтық жолмен ақшаларын алып, қомақты зиян келтірген. Біз ондаған инстанцияға шағымданып, мемлекеттік органдар күдіктілерді ақыры тауып, жазлаған жоқ, дейді А. Паржанов.
«ШОБ иелерінің қазір қолдары жіпсіз байлаулы. Оған ұрылар зиян тигізіп жатқанда полиция қол ұшын созады деген үміт өлген жоқ. Оның үстіне құқық қорғаушылардың біздің кеңселерді күзетуге мүмкіндіктері жоқ шығар. Бірақ қала орталығында жасалған қылмыстарды ашуға мүмкіндіктері бар деп ойлаймыз. Біз қауіпсіздікті қалаймыз»,- делінген кәсіпкердің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Десе де, Алматы қалалық полиция департаменті шаһарда қылмыстың 57 пайызға азайғанын мәлімдеп отыр. Департаментің баспасөз қызметінің мәліметінше біреудің мүлкіне қол салу 44 пайызға кеміген.
«Бұл оқиға туралы дерек тіркелді. Қылмыстық кодекстің 188 бабы, 3 бөлімі бойынша іс қозғалды. Зардап шеккендерден арыз бүгіт сағат 11 түсті. Істі Бостандық ауданы полиция басқарамасы қарайды. Жұмыс тобы құрылды, оқиға орнынан бейнебақылау камералары алдынды. Тергеу кінәлілерді анықтап, жазаға тартататын болады»,- деді Алматы ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек .
Ришат Асқарбекұлы, Алматы