Шымкенттен Ташкентке баратын тасжол ақылы болады
Жылдың соңында жолдағы терминалдар сынақтан өтеді
Қазір Қазақстанда ұзындығы 682 шақырым 4 ақылы жол бар екені белгілі. Осы Нұр-Сұлтан – Шучье, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Теміртау – Қорғас, Алматы – Қапшағай жолдары ақылы болғалы бері 2020 жылдың 20 сәуіріндегі жағдайға сәйкес, терминалдарға 1 млрд 103 млн теңге қаражат түскен.
Енді биыл ілкі жоба ретінде тағы бірнеше жол аумағы тегін болудан қалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақовтың айтуынша, олардың арасында халықаралық трассалар да бар.
Ақылы жолдарда төлем алу жүйесін орнату үшін 2019 жылы инвестициялық конкурс өтіп, ону «Computer Vision Technologies» ЖШС басқаратын Консорциум жеңіп алғаны хабарланды. Министрлік аталған консорциуммен 11 мың шақырым жолда төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау жөніндегі құны 138,8 млрд теңгенің жобасына қол қойған.
«Келісім аясында осы жылы реконструкциядан өткен ұзындығы 5,7 мың шақырымды құрайтын жолдарда атап айтсақ, Қапшағай – Талдықорған, Орал – РФ шекарасы, Саратовқа дейін Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Ташкентке дейін, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы , РФ шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда, Ақтау – Бейнеу, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы, Нұр-Сұлтан – Павлодар, Павлодар – Семей – Қалбатау, Павлодар – РФ шекарасы (Омбы), Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасында төлем алу жүйесі енгізіледі деп жоспарлануда», - деп хабарлады Сайранбек Бармақов.