Мемлекеттік сатып алу: СҚО-да 7 миллиард теңге тендерлері жойылды
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғалары ұсталды
СҚО-да мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу фактілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу» және «ҚР сәулет-қала құрылысы, құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарын бұзып, сомасы 3,6 млрд. теңгеге жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттарсыз, құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алулар жүргізген.
«Шал ақын ауданында Экономика және қаржы бөлімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына қайшы, аула аумақтарын асфальттау бойынша мекенжайы мен жұмыс көлемін көрсетпей сомасы 57,8 млн теңгеге сатып алу жүргізген. Есіл ауданында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Заңның 21-бабын бұзып, сатып алынатын тауардың маркасын көрсете отырып, 113,8 млн теңге сомасында көмір сатып алуды жүзеге асырғаны анықталды», - делінген хабарламада.
Аталмыш сатып алулар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.
Жалпы жыл басынан бері прокурорлар бұл салада 20 мемлекеттік сатып алуды бұзып, нәтижесінде 7,1 млрд теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол бермеді. Заң бұзушылықтар үшін 29 лауазымды тұлға әр түрлі жауапкершілікке тартылды.