Жайқалмаған желектер: елордадағы Бас мешіттің шетелден әкелген ағаштары күтім көрмей тұр
Астана тұрғындары шенеуніктерді жауапқа тартуды талап етті
Елорда тұрғындары бойынша Қабанбай батыр мен Мәңгілік Ел даңғылының ортасында, Хусейн бен Талал көшесінің жанында орналасқан Бас мешіттің аумағы қажетті күтім көрмей тұр. Тұрғындар шағымданып, фотосуреттерді жіберген. Бұл туралы «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Астанадағы филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Астанада бүкіл Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт 2022 жылы 12 тамызда ашылған. Айналасына саябақ жасалды. Шетелден ағаштар мен гүлдер әкеліп отырғызды. Бірақ тұрғындар жіберген фотолардан көргеніміздей, бүгінде жайқалып тұруға тиіс жасыл желектің орнын жапырақсыз ағаштар мен жалаңаш бұталар басқан.
Қала тұрғындары жергілікті жауапты шенеуніктер мен мердігерлерді жауапқа тартуды сұрайды. Олар бұл жерден жемқорлық белгілері бар деп күдіктенеді. Азаматтар тиісті күтім болмағаннан кейін, ағаштар жаппай жойылып жатқанын айтады», - деп жазды ол.
Автор «мешіт аумағын безендіруге сатып алынған сирек кездесетін өсімдіктердің жойылуына кім жауап береді? Қаланы көгалдандыруға бөлінген миллиардтаған ақшаның есебін кім береді?» дейді.