19 жастағы сарбаз Досымжанның өлімі: Құлсарыдағы ата-ана әділдік іздейді

Темірхан Айжан

Досымжанның әскерге барғаныны 6 ай жаңа толған 

19 жастағы сарбаз Досымжанның өлімі: Құлсарыдағы ата-ана әділдік іздейді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Атыраудан әскерге аттанған 19 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжан Жетісу облысындағы Сарыөзек горнизонында кенеттен көз жұмды.

Отан алдындағы борышын өтеуге өзі сұранып барған бозбала 13 мамырда әскер қатарында жүргеніне 6 ай толар-толмастан қыршын кетті. Досымжанның ата-анасы оның ауырып қайтыс болғанына сенбейді. Олардың қолында ұлдарының шені жоғары әскеридің жұдырығынан көз жұмғанын дәлелдейтін фото, видео айғақтар бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Үйлері суға кетіп қабырғасы қайысып отырған Құлсары жұртына Досымжанның денесі 14 мамырда ұшақпен жеткізілді. Бозбаланы әке-шеше, туыс-туғаны күңірене жоқтап, 15 мамырда ақтық сапарға шығарып салды.

Досымжанның анасы Ардақ Иманғалиева баласының өліміне 1993 жылы туған Ш. Жанбота деген лейтенантты кінәлайды.

«Ұлымды өз әскери бөлімшесінде Ш.Жанбота есімді лейтенант 1-мамыр күні сабаған. Лейтенант Жанбота ұлым Досымжанға әлімжетік жасап компьютерге отырғызып, өзіне тиесілі жұмыстарды еріксіз күш қолдану арқылы зорлықпен жасатқан. Журнал тіктірген, бояуларына, ине-жіптеріне үйден ақша алдыртқан. Ұлым Досымжан 1-2 адамның аты-жөнінен қате кеткен екен, соған бола өлімші етіп ұрып-соққан. «Қағазды неге бүлдіресің, неге үнемдемедің» деп қосымша және сабаған. Ұлым «тамаққа» деп үйден ақша сұрай беретін еді, сөйтсек, біз сеніп ұлымызды тапсырған осындай қатыгез лейтенанттар қорлайды екен ғой»,- деп жазды анасы.

Айтуынша, Досымжан лейтенанттан жүйелі түрде зорлық көріп келген. 1 мамыр күні қатты таяқ жеп, ауырған. Бірақ оған ешкім дәрігер шақырмаған, көмек көрсетпеген. Содан жігіттің жағдайы нашарлай берген. Досымжан 3 мамыр күні таңертең анасына хабарласып, қызуы көтеріліп тұрғанын айтады. Бірақ ана жүрегі баласына бірдеңе болғанын сезеді. Артынша Досымжанның жан сақтау бөліміне түскенін естиді. Сарбазды қараған дәрігер екі өкпесі істен шыққанын, диализбен жатқанын, өкпеге, жүрекке, бауырға, асқазанына су толып кеткенін айтады.

Ардақ Иманғалиева әскерге сап-сау кеткен баласының бір күнде сонша ауыр күйге түсіп қалғанына әскердегі әлімжеттіктің себеп болғанын біледі.

«Мен іштегі тәртіпсіздіктен орын алған жағдаят екенін бірден сездім. Бала дегенде жан бар ма, дереу күйеуімді ертіп алып аяқ астынан Алматы қаласына жол жүріп кеттім...Барғанда бізді ішке ешкім кіргізбеді, ұлым Досымжанмен жолықтырмады. Әскерге өз құштарлығымен, екі аяғымен сап-сау күлімдеп кеткен ұлымның мына күйін естігенде «ұлымыздан айрылдық-ау» деп, әкесі екеуміз еңіреп жылап жібердік. Өз-өзімді жинап алып жан-жаққа қоңырау шалумен болдым. Ұлымның сержанттары «асқазаны ауырып тұрған сияқты, асқазанында жара бар, беті ашылып кеткен, қанаған, соны тазалау керек, әуелден ауырады екен, инфекция жұқтырған» дегені секілді әскерге жарамды кеткен ұлыма жала жаба бастады. Тіпті үй-ішіне шындық айтып қояды деген қорқыныштан әскери басшылары ұлымның телефонын алып қойып хабар-ошарсыз қалдырды»,- деп әлеуметтік желіге жазған Иманғалиева Президент Тоқаевтан, Премьер министр Бектеновтен , ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігінің басшысы Жұмағалидан, Әскери прокуратурадан әскердегі бассыздыққа назар аударып, шара қолдануын сұраған.

Өрімдей жас жігіт 10 күн бойы жансақтау бөлмесінде өмір мен өлімнің ортасында арпалысып жатып, арғы дүниеге аттанды. Артында қолдан келер қайран жоқ ботадай боздаған ата-анасы қалды. Досымжанның мәйітіне жасалған экспертизаның қорытындысы бір айдан кейін дайын болатыны айтылған. Бірақ жақындары сараптаманың нәтижесі шын болатынына күмән келтіреді.  Ауырып тұрған адамға дәрігер шақырмай, одан қалса өзінің «бұрыннан асқазанында ақау бар екен» деп зорлыққа ұшырағанын жасыруға тырысқан әскери басшылардың экспертиза қорытындысына әсер етпеуіне кім кепіл?

Қазір бозбаланың ұрып-соқты деп күдікке ілінген лейтенант қамауға алынған. Оның бұрын ережесіз жекпе-жекпен айналысқаны айтылады.

Бас Әскери Прокуратура баспасөз қызметі Ж. Шакировқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Қазақстанда әскердегі өлім-жітімнің тоқтамай тұрғаны көптен бері айтылып та, жазылып та жүр. 2024 жылға дейінгі 3 жылда 270 әскер барышын өтеп жүріп қайтыс болған. Оның ішінде 36 пайызы дерттен қаза тапты делінсе, 20 пайызы өз-өзіне қол салғандар делінген. Әрине, Досымжан сияқты аяқ асты «ауырып» көз жұмған сарбаздардың кейсі аз емес.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.