$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.04.2020, 21:11
Оқиғалар

Төтенше жағдай кезінде моншаға түскен шенеуніктер жұмыстан қуылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықтан кешірім сұрады

Төтенше жағдай кезінде моншаға түскен шенеуніктер жұмыстан қуылды

Төтенше жағдай режимін бұзған тергеу басқармасының басшысы мен оған бағынышты қызметкерлер жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Осы оқиғаға орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің тергеу басқармасының қызметкерлерінің төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізілді.

«Аталған басқарманың басшысы Р. Тұрғамбековтің және оған бағынышты тергеушілер Н. Мырзагелдиннің, А. Қағарманның, Ж. Ақмолдиннің, Б.Лұқмановтың төтенше жағдай режимінің қазіргі шектеулеріне қарамастан, кешкі демалысты Көкшетаудағы монша кешендерінің бірінде өткізгені анықталды.
Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 20 сәуірінде Агенттіктің орталық аппаратының тәртіптік комиссиясының отырысы өтті. Оқиғаның барлық жағдайларын және әділеттілік, парасаттылық, сенім құндылықтарын қатаң сақтауды ескере отырып, Агенттік Төрағасының бұйрығымен аталған қызметкерлер келешекте мемлекеттік және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынсыз жағымсыз себептер бойынша жұмыстан босатылды», - делінген хабарламада.

Тәртіптік комиссияның ұсынысы бойынша облыстық департамент басшысы М. Төлеубаев жеке құраммен алдын алу жұмысын нашар ұйымдастырғаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі түрінде жауапқа тартылды.
 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз әріптестерінің теріс қылықтарының салдарын түсіне отырып, азаматтардың карантин режимін сақтау кезіндегі жауапкершілігін мойындай және құрметтей келе, болған жағдай үшін шынайы кешірім сұрайды және әрбір қызметкердің атағы мен дәрежесіне қарамастан заң бұзушылық фактісі үшін жазаның бұлтартпастығына кепілдік береді»,-  делінген ресми хабарламада.

Еске сала кетейік, бірер күн бұрын Ақмола облыстық Полиция департаменті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің лауазымды тұлғалары төтенше жағдайда монша кешенінде демалыс ұйымдастырғанын хабарлады. Ведомствоның хабарлауынша, бұл оқиға 18 сәуірде сағат 22:30 шамасында Көкшетау қаласында болған. Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері Көкшетау қаласында рейд жүргізіп, «Избушка» монша кешені иесі төтенше жағдай режимін бұзғанын анықтады. Монша кешенін тексеру кезінде ішінде төрт адам болған.

Серіктес жаңалықтары