«Ауыздарыңнан шықпасын»: Байзақтағы мектеп дәретханасында көз жұмған баланың ата-анасы қысым жасалып жатқанын айтты

Azattyq Rýhy

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

«Ауыздарыңнан шықпасын»: Байзақтағы мектеп дәретханасында көз жұмған баланың ата-анасы қысым жасалып жатқанын айтты
Фото: Facebook/Daniyar Alimkul

Жамбыл облысының Байзақ ауданында сегізінші сынып оқушысы даладағы дәретханаға құлап қаза тапты. Оны жоғары сыныпта оқитын бала соққыға жыққан. Әлімжеттік жасаған 9 сыныптың оқушысы қамауға алынды. Ал қайтыс болған баланың ата-анасы оқиғадан кейін қысым жасалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қанды оқиға 30 сәуір күні мектеп ауласындағы әжетханада болған. Жантүршігірлік жағдайдан кейін ата-аналар баласын мектепке жібермейміз деп қорқып отыр.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана баласын жер қойнына кеше табыстаған. 14 жастағы Мирасты жабылып ұрған оқушылар жазадан сытылып кетпесін дейді.

Ал қайғылы оқиға болған күні мектеп ұжымы болған жағдайды барынша жасыруға тырысқан. Алғашында оқушының ата-анасына «баланың жүрек талмасы ұстап қалды» деп хабарлаған.

«Жігіт қой, 14 жасқа келген сап-сау азамат. Баламның алар белесі көп еді. «Мама, мен дәрігер боламын, екеуіміз бәрін жеңеміз» деуші еді.. кешке бәрі естіді. Бүкіл ауыл шулады. Екі орынбасарын ілестіріп алып, ата-аналардың үйін аралаған ғой. «Айтпайсыңдар, шықпау керек, ауыздарыңнан шықпасын» деп. Ата-аналарға да қысым жасалып жатыр. Жұмыс орнының басшылығына айтып, сол ата-аналарға қысым жасап жатыр», - дейді марқұмның анасы Раушан Құдасова.

Оқушылардың әлімжеттікке не себепті барғаны әзірге белгісіз. Қазір полиция осы оқиғаға қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғады.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында 8-сынып оқушысы даладағы дәретханаға құлап көз жұмғанын жазған болатынбыз.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.