Теміртауда қала тұрғынына оқ атқан күдіктілер ұсталды
Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды
Теміртауда 27 жастағы жергілікті тұрғынға оқ атқандар қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 сәуірге қараған түні Теміртау қаласының ауруханасына оқ жарақатымен 27 жастағы жергілікті тұрғын жүгінген.
Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Теміртау қаласының тұрғынына қатысты қару қолдану арқылы бұзақылық әрекет жасаған 27-31 жас аралығындағы үш адам ұсталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде. Басқа ақпарат тергеу құпиялылығына сәйкес жариялауға жатпайды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде түнде көшеде оқ атып, қарумен жүгіріп жүрген ер адамдардың видеосы тараған болатын. Видео жазбасында бұл оқиғаның Теміртау қаласында болғаны көрсетілген.