$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.04.2020, 17:18
Оқиғалар

Ескі үлгідегі 500 теңгелік банкноттар айналымнан шығады

Екінші деңгейлі банктер айналымнан шыққан күннен бастап 12 ай ішінде ескі үлгідегі банкноттарды қабылдайды

Ескі үлгідегі 500 теңгелік банкноттар айналымнан шығады
фото: nationalbank.kz

Ұлттық банк 10 маусымда 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттардың қатар айналыста болу кезеңінің аяқталатынын еске салады.

Алайда, 10 маусымға дейін 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып есептеледі және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлері бойынша Қазақстанның бүкіл аумағында қабылдануға міндетті.

«2020 жылғы 10 маусымға дейін қоса алғанда ескі үлгідегі банкноттарды төлем құралы ретінде қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді. Заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 206-бабын бұзуға әкеп соқтырады», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Ескі және жаңа үлгілердегі банкноттардың қатар айналысы кезеңінде 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттарды қабылдаудан бас тарту фактілері туындаған жағдайда, тиісті шаралар қабылдау үшін Ұлттық банктің аумақтық филиалына өтініш жасау қажет.

10 маусымнан кейін, яғни айналымдағы ескі 500 теңгелік банкноттарды қолдану мерзімі аяқталған соң:

  • екінші деңгейлі банктер қатар айналыстан шыққан күннен бастап 12 ай ішінде ескі үлгідегі банкноттарды қабылдайды және қолданыстағы ақшаға айырбастайды;
  • Ұлттық банк филиалдары екінші деңгейлі банктердің қабылдау және айырбастау мерзімі аяқталған соң тағы 3 жыл ішінде ескі үлгідегі банкноттарды қабылдайды, сондай-ақ оларды жаңа үлгідегі ақша белгілеріне айырбастайды.

2017 жылғы үлгідегі 500 теңгеліктер айналыста бола береді.

«Осылайша, 2020 жылдың 10 маусымынан кейін 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып табылмайды. Сонымен бірге, 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттар айналыста болады және төлемдердің барлық түрлері бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетулі құны бойынша, сондай-ақ банк шотына есепке алу және аудару үшін қабылдауға, барлық банктер мен Ұлттық пошта операторы шектеместен ұсақтауға және айырбастауға міндетті болып қала береді», - делінген.

Серіктес жаңалықтары