Қостанай облысында заңсыз криптовалюта сатумен айналысқандар анықталды

Олардың кірісі шамамен 1 млн 350 мың АҚШ доллары болған

Қостанай облысында заңсыз криптовалюта сатумен айналысқандар анықталды
Фото: freepik.com

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті криптовалютаның заңсыз айналымын іске асырған екі азаматқа қатысты сотқа дейінгі іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қостанай қаласында криптовалюта платформасында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын жүзеге асырған, аса ірі көлемде кіріс алумен байланысты аталған тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік әрекеттерінің жолы кесілді.

«Клиенттерді енгізу және тарту үшін олар криптовалюта алмасу веб-сайтын жасаған, сол арқылы кез келген адам криптовалюта айырбастауына өтініш бере алған.  Аталған тұлғалардың тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту нәтижесінде заңсыз әрекетті растайтын заттар: жүйелік блоктар, ноутбуктер, криптовалюта биржаларының қосымшалары бар ұялы телефондар, криптовалюта айырбастау пунктінің сайты, сондай-ақ логин және криптовалюта биржасында шоттың құпия сөзі жазылған құрылғы табылды», - делінген хабарламада.

Күдіктілердің мүлкі мен криптовалюта шотындағы қаражат тәркіленді.

«Кепілсіз цифрлық активтерді сатудан түскен заңсыз кіріс шамамен 1 млн 350 мың АҚШ долларын құрады. Тергеу жалғасуда», - делінген ҚМА хабарламасында.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаған кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.