Алматыда төтенше жағдай тәртібін бұзған жастар қамауға алынды
Оқиғаны сырттай видеоға түсірген адам да жазаланды
Алматыда карантин тәртібін бұзып, полиция қызметкеріне күш қолданған үш азаматқа қылмыстық іс қозғалды. Олар учаскелік инспектордың ескертуін елемей, дөрекі әрекеттер жасағаны үшін күдікті ретінде уақытша тергеу изоляторына қамалды. Үшеуіне де ҚР ҚК 380 бабы- билік өкіліне күш көрсету, ҚР ҚК 378 бабы – билік өкілін балағаттау дерегі бойынша айыптар тағылды, деп хабарлайды Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға 12 сәуірде қаладағы Қайырбеков пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған. Коронавирусқа орай жарияланған төтенше жағдайдың қатаң талаптарына қарамастан көшеде фитнес жаттығу жасаған ер адамдарға жаяу полиция жасағы ескерту жасап, көшеде жүрмеуді ескерткен. Алайда олар тәртіп сақшыларының талабын тыңдамай, керісінше учаскелік инспектордың қызметтік формасын жыртып, соққы жасаған. Бұл текетіресті бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан олардың танысы да жауапқа тартылатын болады.
«Қылмыстық істің әрбір қатысушысына әрекеттеріне қарай жеке-жеке құқықтық баға берілді. Олар заң талаптарына сай қатаң жазаланады. Күдіктілер осы әрекеті арқылы мемлекеттің қатерлі ауруға қарсы қолданып отырған шараларына жүрдім-бардым қарайтындарын көрсетті. Полиция инспекторына қарсы күш қолданғаны және балағаттағаны үшін уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Осы сияқты өрескел заң бұзу әрекеттеріне барған азаматтар қатаң жазаланатын болады»,- деді қалалық полиция жетекшісі.
Бұл үш азаматқа қатысты тергеу аяқталған соң, іс сотқа жолданады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы