Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин кезінде де ауа тазармаған

Қазақстанда атмосфералық ауаға тәулігіне 3 рет талдау жасалады

Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин кезінде де ауа тазармаған

2020 жылғы наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында ауаның ластану деңгейі өте жоғары болған. Бұл туралы «Azattyq Ryhy»-ның ресми сауалына жауап берген «Қазгидромет» орталығы мәлімдеді.

«Наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласының ластану деңгейі - өте жоғары, Алматы қаласының ластану деңгейі жоғары болды. 2019 жылғы наурыз және 2020 жылғы ақпанмен салыстырғанда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ауа ластану деңгейі өзгермеген», - делінген хатта.

Ал Алматы қаласы толық карантинге жабылып, көлік азайғаннан кейін, 23 наурызда аспанның ашық болуын «Қазгидромет» сол күнгі жауынның әсері деп болжайды.

Екі қалада да карантин уақытында лас түтін шығарушы саналатын көлік қозғалысы азайғанымен, жылу электр станциялары жұмысын тоқтатқан жоқ. Елордадағы екі ЖЭС қыста 3 млн 800 тонна, жекеменшік үйлер 400 тонна көмір жағады. Былтыр оларды қалалық Экология департаменті ауаға мөлшерден тыс азот диоксидін бөлді деп кінәлап еді.

«Azattyq Ryhy» бұған дейін әлемнің ірі қалаларында карантин әсерінен ауаның едәуір тазарып, AQI (Air Quality Index, қаз. ауа сапасының индексі – авт.) деңгейі төмендеп қалғанын жазған.

Оқи отырыңызКарантин әсерінен ірі қалаларда ауа тазарып қалды – БАҚ

«Қазгидромет» ұйымы ауа сапасын әзірге AQI-мен емес, басқа параметрлермен өлшейтінін айтады.

«Қазіргі таңда «Қазгидромет» РМК атмосфералық ауа сапасын бағалауда AQI қолдану үшін бірқатар жұмыстар атқаруда. Ластаушы заттар концентрациясы бекеттерде тәулік бойы 20 мин. сайын өлшенеді. Сондай-ақ, атмосфералық ауа сынамасын алып, зертхана тәулігіне 3 рет талдау жасайды. (сағ.7:00, 13:00, 19:00)», - деп жазылған бұл туралы мекеме жауабында.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.