Жетісайда коронавирустан көз жұмған науқастың әйелі де індет жұқтырған
Вирус жұқтырған азаматтар оқшауланып, тиісті ем қабылдауда
Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар саны 49 адамға жетті.
Атап айтқанда, Жетісай ауданында 20 адамның (оның ішінде 1956 жылғы азамат 4 сәуір күні қайтыс болған), сондай-ақ,Кентауда – 5, Ордабасыда – 2, Сайрамда – 2, Мақтаралда – 4, Арыста – 14, Сарыағашта – 1, Бәйдібекте – 1 тұрғын қауіпті індетке шалдыққан. Бұл туралы Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жетісай ауданы Асық ата ауылының 1980 жылы туған тұрғынынан коронавирус анықталды. Ол COVID-19 инфекциясымен ауыратын науқаспен жақын байланыста болған. Сондай-ақ,Жетісай қаласының 1956 жылы туған азаматшасынан да коронавирус инфекциясы анықталды. Ол 4 сәуір күні қайтыс болған Жетісай қаласының тұрғынының жұбайы», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, шағымы жоқ. Вирус жұқтырғандар қазіргі уақытта оқшауланып, тиісті ем қабылдауда.
Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.