Ақтөбеде блок-бекеттен адам алып өтпек болғандар ұсталды
Жалпы, облыста ТЖ режимін бұзу дерегімен 386 жағдай тіркелген
Ақтөбеде төрт жолаушыны блок-бекеттен заңсыз алып өтпек болған көлік жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі astanatv.kz-ке сілтеме жасап.
Қаладан Қобда ауданына шығатын блок- бекетте «Хонда-Элюзион» көлігі тоқтатылған. Тексеріс кезінде көлік ішінде жүргізушіден бөлек рұқсат қағазы жоқ төрт жолаушы анықталды. Көлік тізгініндегі жолаушы Орал қаласына дәрі-дәрмек тасумен айналысатын фармацевтика компаниясының өкілі екені расталды. Ол өзімен бірге Батыс Қазақстан облысына жолаушы жинап, алып өтпек болған.
«Төрт жолаушыға ҚР ӘҚБтК-нің 476 бабы «төтенеше жағдай режимін бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 478 бабы «төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер» бойынша хаттама толтырылып, материалдар шешім қабылдау үшін Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді», - дейді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Жалпы, облыста төтенше жағдай режимін бұзу дерегімен 386 жағдайы тіркелген. 76 адам қамауға алынып, қырыққа жуық іс сотқа жолданыпған.