Малайзия Үнді мұхитының тұңғиығына батқан ұшақты 10 жылдан кейін қайта іздемек
Көлік министрі ұшақ қалдықтары табылған жағдайда, қаржы бөлуге болатынын айтты
![Малайзия Үнді мұхитының тұңғиығына батқан ұшақты 10 жылдан кейін қайта іздемек](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2024/03/04/65e5565e291fc756524051.jpg)
Малайзия билігі 10 жыл бұрын апатқа ұшырап, жоғалып кеткен ұшақты іздеу жұмыстарын қайта бастамақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Бұл ұсыныс «Ocean Infinity» америкалық теңіз түбін зерттеу компаниясынан түскен. Көлік министрі Энтони Локе компания ұшақтың қалдықтарын тапқан жағдайда, министрлер кабинетімен ақылдасып, қаржы бөлуге болатынын айтты.
Жоғалып кеткен MH370 2014 жылғы 8 наурызда Куала-Лумпурдан Бейжіңге бет алған. Оның бортында 239 адам болды. Тергеушілер ұшақ жоспарланған ұшу траекториясынан әдейі шығып, Малайзияны айналып өтіп, теңізге бет алды деген қорытындыға келді. Boeing Co. 777 оңтүстікке шамамен алты сағат ұшып, жанармай таусылған кезде Үнді мұхитының оңтүстігіне құлаған болуы мүмкін.
Аймақта ауқымды іздеу жүргізілді. Бірақ бәрі нәтижесіз аяқталды.
«Ocean Infinity» 2018 жылы MH370 табуға әрекет жасап көрген. Малайзия үкіметі егер бұл операция сәтті өтсе, компанияға 70 миллион долларға дейін төлеуге келіскен.
Енді екінші рет бағын сынауға бет алған теңіз тұңғиығын зерттеу компаниясы қазіргі кезде технология мен робототехникадағы жетістіктер компанияның мүмкіндіктерін жақсартқанын хабарлады.
Аударған: Айжан ТЕМІРХАН