Жамбылда жалпы құны 5 млрд теңгенің темекі өнімі тәркіленді

Саудагерлер акцизделетін өнімдерді көлеңкелі жолмен қырғыз елінен тасымалдаған

Жамбылда жалпы құны 5 млрд теңгенің темекі өнімі тәркіленді
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Жамбылда жалпы құны 5 млрд теңгеден асатын заңсыз темекі өнімдері тәркіленген. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері бұл рекордтық көрсеткіш деп отыр. Саудагерлер акцизделетін өнімдерді көлеңкелі жолмен қырғыз елінен тасымалдаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Кәсіпкерлер қыруар қаржының 4,7 млрд теңгесіне темекі сатып алса, 350 млн теңгесін вейптерге жұмсаған. Осылайша 6,5 млн қорап темекі мен 174 мың дана электронды өнім айналымнан алынған. Сондай-ақ, құны 20 млн теңге болатын 8 мың литр спирттің жолы кесілген. Аймақта астыртын жолмен әкелінген алкоголь өнімдерін тұтыну салдарынан соңғы үш жылда 150-ден астам адам уланған, деп жазады qazaqstan.tv.

«Тәркіленген тауарлардың 70%-дан астамы темір жол арқылы тасымалданған. Екінші орында транзиттік жүк көліктері тұр. Олар Қордай, Меркі және Жамбыл ауданындағы шекаралық өткізу бекеттері арқылы алып өтеді. Әсіресе заңсыз тауар тасымалы «Қарасу», «Сыпатай батыр» және «Айша бибі» кеден бекеттерінде жиі анықталады», - деді Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Жағыпар Исатаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.