Алматы балабақшасындағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Баланың миы шайқалып ауруханаға түскен
Алматыда баланың соққыға жығылу оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Балабақшадағы тәрбиеленушілердің әрекеті әлеуметтік желілерге жарияланып кеткен еді. Зардап шеккен тараптың айтуыша, оқиға 21 ақпан күні түстен кейін болған. Алматы қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі бұл оқиғаның «№ 51 бөбекжай-балабақшасы» МКҚК-да болғанын растады.
«Балабақша әкімшілігінің бұйрығымен бұзушылықтар үшін тәрбиешіге қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Бақылауды әлсіреткені үшін балабақша меңгерушісі де тәртіптік жазаға тартылды», - деп хабарлады қалалық Білім басқармасынан.
Оқиға туралы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де түсініктеме берді.
«Ата-анасының өтініші бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы тәрбиешіге қатысты тексеру жүргізді. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметтік міндеттерін тиісінше орындамау дерегіне бойынша қылмыстық іс тергелуде», - деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.